Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ

  • актер, режиссер, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Өмірбаян

Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар» театрының негізін қалаған көрнекті тұлға, білікті басшы.

Шыңғыс Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, «ПАРАСАТ» және «ДОСТЫҚ» ордендерінің иегері, Республикалық білім беру ісінің үздігі, «АЛТЫН АДАМ» ұлттық сыйлығының лауреаты, «Жылдың үздік режиссері» аталымында «ЕҢЛІКГҮЛ – 2016» кәсіби сыйлығының және «САХНАГЕР – 2017» ұлттық театр сыйлығының иегері, Қырғызстан театр қайраткерлері одағы Театр өнері академиясының академигі.


 

Нұрқанат ЖАҚЫПБАЙ – 1947 ж. Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. 1970 ж. Құрманғазы атындағы Алматы өнер институтын бітірді.

Еңбек жолын 1969 жылы Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып бастады. Театрда 80-ге тарта сан қилы образды өз биігінде бейнелеп, актер, режиссер ретінде әлі күнге дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Олар: Ә.Тәжібаев «Монологтар» – Сәкен Сейфуллин, С.Мұқанов «Ботагөз» – Асқар, Б.Майлин «Шұға» – Әбіш, С.Сейфуллин «Ақан сері–Ақтоқты» – Сердәлі, О.Бодықов «Отырар ертең қирайды» – Мұса, Т.Ахтанов «Махаббат мұңы» – Нияз, М.Байджиев «Әр үйде мереке» – Сарман, М.Әуезов «Жас Абай» – Құнанбай, І.Жансүгіров «Исатай – Махамбет» – Жәңгірхан, О.Бөкей «Қар қызы» – Аманжан, «Атау кере» – Таған және т.б рөлдері.


Актер, режиссер, ұстаз, педагог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері НҰРҚАНАТ ЖАҚЫПБАЙДЫҢ өнер әлемінде сіңірген ең елеулі және айтулы еңбегі – Нұр-Сұлтан қаласы «Жастар театрының» іргесін қалап, Қазақстанның заманауи театр өнерін жаңа белеске көтеруі! 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің арнайы шақыруымен, Астана қаласы Жастар театрының негізін қалады. Қазіргі таңда аталмыш өнер ордасының Көркемдік жетекшісі және Бас режиссері қызметін атқаруда. Театр труппасындағы артистердің басым көпшілігі – Нұрқанат Жақыпбайдың төл шәкірттері.

Кино

Нұрқанат Жақыпбайдың, сондай-ақ, ұлттық кинематографиямыздың дамуы мен өркендеуі жолында да сіңірген еңбегі ересен. Өнер иесінің кино саласында жасаған жұмысы, шығармашылық өмірбаяны төмендегіше тізбектеледі:

«Шоқ пен Шер» – Таңат («Қазақфильм») (режиссері – Сатыбалды Нарымбетов);

«Жамбылдың жастық шағы» – Саржан («Қазақфильм»);

«Дела земные» – Медер («Қырғызфильм»);

«Когда уходят киты» – Армоль («Мосфильм»);

«Бір бала» – Суретші («Қазақфильм»);

«Жерұйық» –Жылқыбай («Қазақфильм») (режиссері – Сламбек Тәуекел).

Театр

«Шоқан» – Шоқан Уәлиханов;

«Жаңа жыл кешінде» – Сарман;

О.Бөкей шығармалары негізінде түсірілген телеспектакльдердегі бірнеше көркем рөлдері және басқа да образдары.


1983 жылы Қазақтың Мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының режиссура бөлімін бітірді.

1983 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында режиссер, бас режиссер қызметін абыроймен атқарып, 20-дан аса қойылымды сахна төріне шығарды.

1984 жылдан Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтында ұстаз.

1993 жылы Н.Жақыпбайдың шәкірттері Башқұртстанның Уфа қаласында өткен халықаралық театр институттарының студенттік спектакльдерінің фестиваліне қатысып, Н.Жақыпбай сахналаған «Ерте, ерте, ертеде...» спектаклі фестивальдің «Ең үздік спектакль – Гран при» жүлдесіне ие болды.

1993 жылдан бастап жыл сайын өтетін «Президенттік шыршаның» және Алматы облысында өтіп жүрген Президенттік шыршалардың бас режиссері.

1995 жылы Елбасы жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды және Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының Бас режиссері қызметін атқарды.

1995 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылған ІІІ Республикалық театрлар фестивалінде М.Әуезовтің «Жас Абай» спектакілімен «Ең үздік режиссер» атағын жеңіп алды.

1997 жылы V Республикалық театрлар фестивалінде М.Әуезовтің «Көксерек» эксперименталды қойылымымен жүлделі ІІ орын және лауреат атағына лайық деп танылды.

1998 жылы VІ Республикалық театрлар фестивалінде Ш.Айтматовтың «Жан азабы» спектакілімен «Ең үздік режиссер» аталымында жеңімпаз атанды.

1998 жылы Мысырда өткен халықаралық эксперименталды театрлар фестивалінде Ш.Айтматовтың «Жан азабы» спектаклі театр мамандары тарапынан бірауыздан «Ең үздік спектакль» деп мойындалды.

2001 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында эксперименталды «МЕН» театрын ашты. Қойылған спектакльдер: «Шыңғысхан», «Мәңгілік махаббат сазы», «Гамлет», «Ақ кеме».

2003 жылы қазақ драма театр сахнасына мюзикл жанрында тұңғыш рет «Қозы мен Баян» қойылымын шығарды.

2003 жылы Жастардың Халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Қозы мен Баян» мюзиклі үздік деп танылып, «Ең үздік спектакль» – «Гран При» жүлдесін қанжығасына байлады.

2006 жылы Ресей Федерациясының арнайы шақыруымен Халықаралық фестиваль аясында Н.Жақыпбай шәкірттерінің орындауында Мәскеу сахнасына шыққан Н.Гогольдің «Ревизор» комедиясы жүлделі I орын биігінен көрінді.

2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің арнайы шақыруымен, Астана қаласы Жастар театрының негізін қалады. Қазіргі таңда аталмыш өнер ордасының Көркемдік жетекшісі және Бас режиссері қызметін атқаруда. Театр труппасындағы артистердің басым көпшілігі – Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері.

2007 жылдың 5 шілдесінде Ш.Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармалары негізінде сахналанған «Шыңғысхан» драмасымен (инсценировка авторы – Жаныш Құлмамбетов) шымылдық түрген театрға алғашқы күннен бастап зор серпін мен тың жаңалық әкеліп, Көркемдік жетекші және Бас режиссер ретінде жас ұжым өнерін соны сүрлеуге салды. Небәрі 10 жылдық тарихында Халықаралық, Республикалық байқаулардан 10 бірдей Гран-При жүлдесін қанжығасына байлаған Жастар театры, сөйтіп, өнер өлкесіндегі өз орнын белгіледі.

2008 жылы Ш.Айтматовтың туғанына 80 толуына орай Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық «АРТ ОРДО» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған «Жан азабы» спектаклі (инсценировка авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) үш бірдей номинация: «Ең үздік спектакль» – Гран-При, «Жоғарғы деңгейдегі көркемдік шешімі үшін» және «Үздік сазды безендіру» аталымдарында марапатталды.

2008 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес, Н.Гогольдің «Ревизоры» (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» – Гран При жүлдесіне лайық деп танылды.

2009 жылы Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 175 жыл толуына орай Қарағанды қаласында ұйымдастырылған XVII Республикалық театрлар фестивалінде Данияр Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» спектаклі (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) Халық артисі «Жәмила Шашкина» атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды.

2010 жылы Алматы қаласында өткен ІІІ Халықаралық Орталық Азия елдерінің театрлар фестиваліне Ш.Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы – Жаныш Құлмамбетов) қатысып, «Үздік режиссер», «Үздік шыңғыс хан рөлі» аталымындағы жүлдеге лайық деп танылды. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. 

2011 жылы Қарасаздың Шәлкөде жайлауында өткен Мұқағали Мақатевтың 80 жылдық мерейтойында ақиық ақын жырлары негізінде қойылған «Дариға жүрек» поэтикалық спектаклін сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 

2011 жылы Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып ұйымдастырылған XIX театрлар фестивалінде С.Раевтың «Меккеге қарай ұзақ жол» қойылымы (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) «Ең үздік спектакль» – Гран-При сыйлығының иегері атанды. 

2012 жылы Ашхабад қаласында өткен «Қайта өрлеу дәуірі және театр өнері» атты Халықаралық театрлар фестивалінде Жастар театрының «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымы (авторы – Данияр Саламат, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) жоғары бағаланып, арнайы дипломмен марапатталды.

2012 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында өткен Ә.Мәмбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХ Республикалық фестивалінде Н.Гогольдің «Ревизор» қойылымы Гран-При – «Ең үздік спектакль» жүлдесіне лайық деп танылды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. 

2013 жылы Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс және бір дауыс» атты түркітілдес театрлардың халықаралық фестиваліне Д.Саламаттың «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы» қойылымымен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. 

2013 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе қаласында жазушы, драматург Т.Ахтановтың 80 жылдығына арналған ХХI республикалық театр фестивалінде Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» қойылымы (инсценировка авторы және қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) «Ең үздік жастар образы» номинациясын иеленді.

2014 жылы Қызылорда қаласында өткен С.Майқанованың 100 жылдығына арналған XXII Республиклық драма театрлар фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) топқа түскен Жастар театры ұжымы қазылар алқасының шешімімен «Ең үздік спектакль» – Гран При жүлдесін қанжығасына байлады.

2014 жылдың қазан айында Ақтау қаласында өткен Орта Азия мемлекеттерінің V халықаралық театрлар фестивалінде көркемдік тұрғыдан түбегейлі өзгертіліп, жаңаша шішім тапқан Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсы тағы да топ жарып, «Ең үздік спектакль» – Гран При және «Ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесімен марапатталды. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

2015 жылдың қыркүйек айында Өскемен қаласында ұйымдастырылған XXIIІ Республиклық драма театрлар фестивалінде С.Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар...» драмасы (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) «Жоғары деңгейлі шығармашылық үйлесім» аталымындағы арнайы жүлде иегері атанды.

2016 жылдың наурыз айында Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған байқауда «Жылдың үздік режиссері» деп танылып, «ЕҢЛІКГҮЛ – 2016» кәсіби сыйлығының иегері атанды. 

 2016 жылдың қыркүйек айында Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 25 жылдығына орай Белорусь Республикасының Брест қаласында ұйымдастырылған «Белая Вежа» ХХІ халықаралық театрлар фестиваліне Ш.Айтматов пен Ә.Кекілбаевтің «Шыңғысхан» әфсанасымен (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) қатысып, «Ең әсерлі қойылым» («За зрелищное воплощение поэтических притч») аталымындағы жүлде иегері атанды.

Сондай-ақ, дәл осы жылдың қыркүйек айында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай, Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан драма театрларының ХХІV республикалық театрлар фестивалінде Ж.П.Пило мен О.Шультездің «Моцарт» мюзиклімен (қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай) бақ сынап, «Үздік спектакль» жүлдесіне лайық деп танылды.

2016 жылдың қазан айында Талдықорған қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Қазақстан –Еуразия жүрегі» атты Орта Азия елдерінің VI халықаралық фестиваліне У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясымен қатысып, жүлделі І орынды иеленді.  

2016 жылдың қараша айында, жыл қорытындысы бойынша, Жастар театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай – театр (режиссура) саласына қосқан қомақты үлесі үшін «Мәдениет қайраткері» аталымында «Жыл таңдауы» – «АЛТЫН АДАМ» ұлттық сыйлығының және «ДОСТЫҚ» орденінің лауреаты. 

2017 жылдың наурыз айында «Үздік режиссер» аталымында «САХНАГЕР – 2017» ұлттық театр сыйлығының иегері атанды.

2017 жылдың қыркүйек айында Башқұртстанның Уфа қаласында өткен түркітілдес театрлардың «Тұғанлық» VI Халықаралық театрлар фестивалінде театр репертуарындағы Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсы үш бірдей номинация: «Кәсіби жабдық және ансамбльдік ойын», «Үздік музыкалық безендіру» және Анна Андреевна ролі үшін театр актрисасы Махаббат Мадғұлова «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» аталымдарында марапатталды. Қойылым режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

Сондай-ақ, Нұрқанат Жақыпбай 2017 жылы Бішкек қаласында өткен VI Халықаралық «АРТ ОРДО» театр фестивалінде У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы үшін «Үздік режиссер» және Қырғызстан театр қайраткерлері одағы Театр өнері академиясының академигі атанды.

2017 жылдың қазан айында театр өнеріндегі тың ізденістері үшін, режиссерлік жоғары шеберлігі мен Ш.Айтматов шығармаларын кеңінен жаюда қосқан зор үлесі үшін «Шыңғыс Айтматов атындағы xалықаралық сыйлықтың» иегері атанды.

Елордамыздың 20-жылдық мерейтойына орай театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

2018 жылдың 22 маусымы мен 9 шілде күндері аралығында Оңтүстік Корея мемлекетінің Дэгу қаласында өткен Азия елдері бойынша ең ірі фестивальдердің бірі – Daegu International Musical Festival (DIMF) ХІІ Халықаралық мюзикл фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклімен қатысып, лауреат атанды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

2018 жылдың 17-21 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткен Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлар фестивалінде де режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахналаған Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклі Бас жүлдені қанжығасына байлады.

2018 жылдың 12-17 қарашасында Қырғызстан Республикасы, Бішкек қаласында өткен «Айтматов және театр – 2018» Халықаралық театр фестивалінде Ш.Айтматов, Ә.Кекілбаевтың «Шыңғысхан» әфсанасы «Үздік қойылым» номинациясы бойынша жүлделі І орын иегері атанды. Қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

2018 жылдың 10 желтоқсанында елордамыз Астананың Алматы қаласынан Ақмолаға ресми ауысқан күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште Бас қаланың мәдениетін дамытуға және Астананың атынан шет елдерде жоғары деңгейде өнер көрсеткендері үшін режиссер Нұрқанат Жақыпбай негізін қалаған Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар» театры «Елорда жұлдызы» сыйлығымен марапатталды.

2019 жылдың 18-28 сәуір күндері аралығында Түркия елінің Конья қаласында өткен ХІІ Халықаралық Түркітілдес елдер арасындағы «Мың тыныс – бір дауыс» фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен өнер көрсетіп, лауреат атанды. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.

2019 жылдың 23-28 қыркүйек күндері аралығында Қырғызстанның Ош қаласында ұйымдастырылған «Art-Ordo» VII Халықаралық театр фестивалінде режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей, Роза Мұқанова шығармалары негізінде қойылған «ҒАСЫРДАН ДА ҰЗАҚ...» спектаклі топ жарып, Гран-При жүлдесін қанжығасына байлады.

2019 жылдың 18-24 қараша күндері аралығында Түрікменстан астанасында өткен «Өркендеу дәуіріндегі театр өнері» халықаралық театр фестивалінде ұлттық классикамыздың жауһары – Ғабит Мүсіреповтің «ЖІБЕК» мюзиклі театр мамандарының жоғары бағасын алып, ел мәртебесін асқақтатып қайтты.

2020 жылы Театрымыздың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының степендиясының» иегері атанды.


НҰРҚАНАТ ЖАҚЫПБАЙ 2007 ЖЫЛЫ АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ АРНАЙЫ ШАҚЫРУЫМЕН, АЛМАТЫДАН АСТАНАҒА ҚОНЫС АУДАРЫП, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАДЫ. ҚАЗІРГІ ТАҢДА АТАЛМЫШ ӨНЕР ОРДАСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ ЖӘНЕ БАС РЕЖИССЕРІ ҚЫЗМЕТІН ҚАТАР АТҚАРУДА. ТЕАТР ТРУППАСЫНДАҒЫ АРТИСТЕРДІҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ – НҰРҚАНАТ ЖАҚЫПБАЙДЫҢ ШӘКІРТТЕРІ. БҮГІНДЕ ТЕАТР РЕПЕРТУАРЫНДА 50 СПЕКТАКЛЬ БАР. КӨПШІЛІКТІҢ ҚОШЕМЕТІНЕ ИЕ БОЛҒАН ӨНЕР ТУЫНДЫСЫНЫҢ ҚАЙ-ҚАЙСЫСЫ ДА АЙРЫҚША АТАП ӨТУГЕ ТҰРАРЛЫҚ ҚЫЗЫҚТЫ ҚОЙЫЛЫМДАР.